Ағылшын тілі жайлы 5 миф
1. "Ағылшын тілін 30 күнде; 1,5 айда үйретемін".
Бұл мүмкін емес. Адам баласының тілі шыққанға екі жарым жылдай уақыт кетпек. Сол сияқты бір тілді меңгеруге де кем дегенде 1-1,5 жыл қажет. Бір-бір жарым айда сіз бірнеше грамматика, шамамен 200 сөз жаттарсыз. 50 сөйлемнен тұратын өте жеңіл мәтінді ежіктеп оқи бастарсыз. Сондықтан бұл мифке сенбеңіз.
2. "Самоучка". Егер сіз ағылшын тілін білмесеңіз, оны өз бетіңізбен оқу мүмкін емес. Мұғаліммен оқу керек. Ал егер осыған дейін француз, неміс я қытай тілін, яғни бір шет тілін курс арқылы меңгерсеңіз, ағылшынды өз бетіңізше бастап көрсеңіз болады. Себебі бір тіл меңгергендегі тәжірибе екінші тіл меңгергенде көмекке келмек.
3 "Ағылшын тілін Mobile App, әдеби кітап, фильм, музыка арқылы үйренуге болады".
Мұның бәрі көмекші құрал. Грамматика, тыңдау, оқу, сөйлеу, жүйелі сөз жаттау болмаса нәтиже шықпайды.
4. "Мұғалім жалдасам/курсқа барсам міндетті түрде ағылшынша сөйлеп кетемін". Мұғалім қанша жерден мықты болса да тіл меңгергенде 50 пайызы өзіңізге байланысты. Мұғалім үйреткенін курстан шыққан сәтте ұмытсаңыз, күніне курстан тыс бір-екі сағат дайындалмасаңыз күткендей нәтиже болмайды.
5. "Ағылшын тілінде сайрап кетемін". Сіздің ана тіліңіз (native) - қазақ тілі. Демек, ағылшын тілінде өз ана тіліңіздей өте еркін сөйлеу өте қиын. Бұл үшін шамамен 5-10 жыл таза ағылшын тілді ортада өмір сүру керек шығар. Одан кейін кез келген ағылшын және америкалық сіздің ағылшыншаңыз native емесін бірден түсінеді және оған түсіністікпен қарайды. Сөйлегенде қателесуден қорықпау керек. Бастысы ойыңызды жеткізсеңіз жетеді.
Руслан Меделбек